Қазақстандағы күрд әдебиеті бүгінде елдің мәдени кеңістігінің ажырамас бөлігі ретінде қалыптасып, өз орнын нық айқындап отыр. Оның дамуы Қазақстанның көпұлтты әдебиетінің жалпы үрдістерімен тығыз байланысты. Әр этнос өз болмысын сақтай отырып, ортақ рухани кеңістіктің қалыптасуына өзіндік үлес қосып келеді. «Қазақстан халықтарының әдебиеті» атты ұжымдық монографияда (редакторы академик С.А. Қасқабасов) филология ғылымдарының докторы, профессор К.И. Мирзоев күрд сөз өнерінің байлығы мен тереңдігін ерекше атап өткен. Ғалымның айтуынша, күрд поэзиясы, прозасы мен драматургиясы — «жоғары сезім мен гуманистік мұраттарға толы, ешкімді бейжай қалдырмайтын рухани әлем». Қазіргі кезеңдегі күрд әдебиетінің даму бағыты қоғамдағы рухани жаңғыру және мәдени интеграция үдерістерін бейнелейді. Күрд қаламгерлері тарихи жад пен халық тағдыры тақырыптарына жиі оралып, депортация жылдарындағы қазақ халқының қамқорлығы мен бауырмалдығына деген терең ризашылық сезімін шығармаларының басты өзегіне айналдырған. Мұндай лирикалық және азаматтық сарындар Г. Хаджисулейман, Б. Бала және С. Саяди сияқты ақындардың поэзиясында айқын көрініс табады. Олардың өлеңдерінде ұлттық бірегейлік, ұрпақтар сабақтастығы және Қазақстан жеріне деген шынайы сүйіспеншілік идеялары өріліп жатады. Көркем аудармалар да қазіргі әдеби үдерістің маңызды бөлігіне айналды. Г. Хаджисулейман Абай, Жамбыл, Сәкен Сейфуллин және Мұқағали Мақатаев шығармаларын күрд тіліне аударып, халықтар арасындағы мәдени өзара түсіністік пен рухани байланысқа жаңа мүмкіндік ашты. Күрд жазушылары мен публицистері — Н. Надиров, Г. Хаджисулейман, М. Юсубов, К.И. Мирзоев еңбектерінде тарихи сананың тереңдігі мен азаматтық жауапкершілік айқын байқалады. Ғалым әрі жазушы Н. Надиров өз еңбектерінде тек Қазақстанның ғылыми және экологиялық мәселелерін ғана емес, сонымен қатар күрд қауымының тағдыры мен ел дамуына қосқан үлесін де жан-жақты талдайды. Оның публицистикасы адамдық қадір-қасиетке, адалдыққа және тарих алдындағы жауапкершілікке деген сенімге толы. Қазақстандағы күрд әдебиеті — бұл ортақ тағдыр мен ортақ жердің айғағы, халықтар арасындағы рухани бірліктің көрінісі. Көркем сөз арқылы ол қазақ пен күрд халықтарының арасындағы достықты, өзара түсіністік пен ризашылықты нығайтып, мәдениет пен ізгілік көпірін жалғап келеді.
Автор: А.Т. Қалиасқарова, ҚР БҒМ М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.