Қазақстанда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында телемедицина жүйесі қарқынды дамып келеді. Әсіресе шалғай және ауылдық елді мекендер тұрғындары үшін бейінді мамандарға қол жеткізу мәселесі біртіндеп шешімін табуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 11 айында елдегі медициналық ұйымдар 3,5 миллион қашықтан медициналық қызмет көрсеткен. Бұл жалпы медициналық көмектің 9 пайызынан астамын құрайды. Қашықтан көрсетілген қызметтердің басым бөлігі ауыл тұрғындарына тиесілі.
Телемедициналық көмек тек алғашқы кеңес берумен шектелмейді. Онлайн форматта пациенттердің жағдайын бақылау, диагнозды нақтылау, емдеу барысын сүйемелдеу сияқты қызметтер де көрсетіліп келеді. Бұл ірі қалаларға бармай-ақ сапалы медициналық кеңес алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда еліміздің сегіз өңірінде 100-ден астам медициналық ұйымды қамтыған «Онлайн-медицина» пилоттық жобасы іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты — медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және өңірлер арасындағы теңсіздікті азайту.
Саладағы цифрландыру үрдісі алдағы уақытта да жалғасады. 2026 жылдан бастап медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер қосылған құн салығынан босатылып, стационарлық медициналық қызметтердің тарифтері қайта қаралады. Бұл өзгерістер халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.