Алина Чистякова жабық кешендегі жеңіл атлетикадан Азия чемпионы атанды

Автор Асан Джалилов
27 просмотры

Қазақстандық спортшы Алина Чистякова Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, құрлық чемпионы атанды. Отандасымыз бессайыс бағдарламасында жоғары нәтиже көрсетіп, қытайлық қарсыластарын артта қалдырды.

Жарыс қорытындысы бойынша Алина Чистякова 4181 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Екінші орынды Қытай спортшысы Сюй Цзяхуань 4091 ұпаймен иеленсе, үшінші сатыға тағы бір қытайлық жеңіл атлет У Чжэн 4013 ұпай нәтижесімен көтерілді.

Қазақстан құрамасы үшін бұл чемпионатта тағы бір жүлде тіркелді. Бұған дейін Нора Джеруто 1500 метр қашықтыққа жүгіруден қола медаль жеңіп алып, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілген еді.

6–8 ақпан аралығында өтетін құрлықтық додаға Азия жеңіл атлетика қауымдастығына кіретін 24 елдің спортшылары қатысуда. Жарыс бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында жүгіру түрлері, кедергілер арқылы жүгіру, 4×400 метрлік эстафета, секіру түрлері, ядро серпу және көпсайыс секілді барлығы 26 дисциплина енгізілген.

Қазақстан ұлттық құрамасы бұл жарысқа мықты әрі бәсекеге қабілетті құраммен келген. Команда сапында Давид Ефремов, Ольга Сафронова, Надежда Дубовицкая, Кристина Овчинникова, Нора Джеруто, Мария Ефремова, Михаил Литвин, Эльнор Мухитдинов, Мария Шувалова және Милана Зубарева сынды тәжірибелі спортшылар бар.