2026 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда бірқатар азық-түлік тауарларының бағасына мемлекеттік бақылау енгізіледі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін кеңейтуге қатысты пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде 19 өнім болса, ол уақытша түрде 33 атауға дейін кеңейтілген. Жаңартылған тізімге күнделікті сұранысқа ие өнімдер, соның ішінде қызанақ пен қияр да енгізілген. Тиісті бұйрыққа қол қойылып, ол 2026 жылдың 6 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бұл шара бір тоқсан мерзімге есептелген. Министр баға тұрақтылығы сақталған жағдайда аталған тәртіптің мерзімі ұзартылуы мүмкін екенін атап өтті. Кеңейтілген тізімге кіретін өнімдерге сауда үстемесінің шекті мөлшері 15 пайыздан аспауға тиіс.
Жаңа тізімге қызанақ, қияр, алма, сиыр және қой еті (сүйегімен және сүйексіз), тартылған ет, жылқы еті, жаңа және мұздатылған балық, ультрапастерленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік, сондай-ақ қара шай секілді өнімдер енгізілген. Бұл тауарлар бағаның жиі құбылуына байланысты бақылауға алынып отыр.
Министрлік бұл қадамды жаңа жыл қарсаңында және кейінгі кезеңде тұтыну нарығындағы тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған уақытша шара деп түсіндірді.