Депортацияға ұшыраған армяндар: жаңа өлкедегі күрес пен күнкөріс

Автор barbang info
2 просмотры

1930-жылдардың ортасы Кеңес Одағын күйзелткен ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Индустрияландыру мен күштеп жүргізілген ұжымдастыру саясаты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін күйретті. Нәтижесінде елді алапат ашаршылық жайлап, 8 миллионнан астам адам өмірден өтті. Халықтың тұрмысы төмендеп, әлеуметтік ахуал күрт нашарлады. Ал әлемдік саяси сахнада да жағдай ушығып, Германияда билікке келген Адольф Гитлердің реваншистік көзқарасы халықаралық қатынастарды тұрақсыз етті.

Осындай ішкі және сыртқы қысым күшейген шақта Кеңес билігі ел ішіндегі «сенімсіз» деп танылған халықтарды бақылауға алу, тазарту және күштеп көшіру саясатын бастады. 1937 жылы басталған бұл науқан миллиондаған адамның тағдырын өзгертіп, 2,5 миллионға жуық адам заңсыз түрде жер аударылды. Армян халқы да сол жазықсыз құрбан болғандардың қатарында еді.

Депортацияның құқықтық негізі 1937 жылғы 17 шілдеде қабылданған құпия қаулы арқылы бекітілді. Оған КСРО билігінің өкілдері М. Калинин, В. Молотов және А. Горкин қол қойып, Армения, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстанның шекаралық аудандарында тұратын халықтарды жаппай көшіріп жіберуге рұқсат етті.

Жол азабы мен алғашқы ауыр жылдар

1937–1938 жылдары Қазақстанға жеткізілген армян отбасылары жол азабын ешқашан ұмытқан емес. Қыстың қақаған аязында адамдарды мал таситын вагондарға тиеп, сусыз, тамақсыз, дәрігерсіз алып жүрген. Көптеген әйелдер мен балалар жол-жөнекей көз жұмды. Ал аман жеткендер үшін шынайы сынақ енді басталды.

Қазақ жері олар үшін мүлде бейтаныс еді. Жергілікті биліктің жоспарсыздығы, немқұрайдылығы армяндардың жағдайын одан сайын қиындатты. 1938 жылы Алматы облыстық атқару комитеті жүргізген тексеріс нәтижесі осының айқын дәлелі болды: армяндардың барлығы Каскелен ауданындағы Молотов атындағы ұжымшарға бір жерге бекер шоғырландырылған, тиісті қаражаттың бір бөлігі мақсатсыз жұмсалған, тұрғын үй салуға арналған материалдар бөлінбеген, медициналық көмек ұйымдастырылмаған, балалар оқуға қабылданбаған. Бұл жағдайдан кейін облыстық атқару комитеті мәселені реттеу үшін арнайы шешім қабылдап, құрылыс материалдарын жеткізу, мақсатсыз жұмсалған қаражатты қайтару, дәрігер жіберу, балаларды мектепке қабылдау, қажетті тауарлармен қамтамасыз ету туралы талаптар қойды. Дегенмен бұл шаралар барлық қиындықты шешуге жеткіліксіз болды.

Жай-күйді айғақтаған архив деректері

1938 жылдың 9 қарашасында КСРО Ішкі істер халық комиссариатының қоныстандыру бөлімінің бастығы Гладков құпия баяндамасында Қазақстанға 1121 армян және күрд шаруашылығының келгенін, олардың басым бөлігінде еңбекке жарамды адамдардың болмағанын, ал 1938 жылға арналған қоныстандыру жоспары мүлде қарастырылмағанын жазды. Кеңшарлар да оларды жұмысқа алудан бас тартқан. Армян отбасылары бір ауданда тұрақтай алмай, екіншісіне көшіп, баспана мен күнкөріс іздеумен жүрді. Бір бөлігі Алматы және Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі ұжымшарларға өз күшімен орналасқанымен, көпшілігі 1939 жылға дейін де еш жерде орналастырылмай қала берді.

Ал үй құрылысының жұмыстары тіпті баяу жүрді. Жеті ауданға жауапты бар-жоғы бір ғана техник болған. Құрылыс материалдары жетіспегендіктен, тіпті мал шаруашылығына арналған қорлар да пайдаланылған. Армяндар кейде бос тұрған қораларға, кейде жергілікті халықтың үйлеріне «тығыздалып» орналастырылды. Өздері жөндеген үйлердің көбі өз меншігіне берілмей, уақытша баспана ретінде ғана қолданылды.

Қаржылай қысым және әділетсіздік

Армяндар үшін ең ауыр соққының бірі — қаржы мәселесі болды. Мемлекетке тапсырған малдың өтеуі ретінде төленуге тиіс 1 082 000 рубль бірнеше ай бойы қозғалыссыз шотта жатқан. Адамдар қайта-қайта өтініш жазғанымен, ақша берілмеген. Бұл жағдай Гладковтың 1938 жылғы 23 қарашадағы тағы бір құпия баяндамасында көрсетіліп, онда бұл қаражатты иелеріне қайтаруды және жауапты тұлғаларды қатаң жазалауды талап етті.

Осыдан кейін ғана Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі 2 желтоқсанда арнайы құпия қаулы қабылдап,
— қаржыны қайтаруды,
— кінәлілерді жауапқа тартуды,
— армян және күрд отбасыларын қыс түспей толық орналастыруды
міндеттеді.

Құқықсыздық және кейінгі жылдар

Әлеуметтік жағдай біршама түзелгенімен, армян этносының азаматтық құқықтары шектеулі күйінде қалды. Олар тұрып жатқан жерінен рұқсатсыз шыға алмады, жоғары оқу орындарына түсе алмады, мемлекеттік қызметке жіберілмеді, сайлауға қатысу құқығынан айырылды.

Тек 1956 жылы өткен КСРО коммунистік партиясының ХХ съезінен кейін ғана олар ақталып, толық азаматтық құқықтарына қайта ие болды. Сол кезде көптеген армян тарихи Отанына оралса да, қазақ халқының шынайы кеңпейілділігін, бауырмалдығын көрген көпшілік Қазақстанда қалуды таңдады.

Бүгінгі армян қауымы – Қазақстанның ажырамас бөлігі

Қазіргі таңда елімізде 30 мыңнан астам армян тұрады. Алматы қаласында – 12 925, Қарағандыда – 4685, Ақмолада – 1850, Түркістан облысында – 980 және басқа өңірлерде қауым белсенді өмір сүруде. 2004 жылы Алматыда «Найри» армян мәдени қауымдастығы құрылып, жетекші Артуш Карапетянның бастамасымен 2006 жылы Қазақстандағы алғашқы армян шіркеуі – Әулие Карапет ғибадатханасы салынды. Бүгінде қауымдастық жанында жексенбілік мектептер, би және музыка ансамбльдері жұмыс істейді. Армяндардың депортациясы – тарихтағы ең ауыр зұлматтардың бірі. Соған қарамастан, олардың табандылығы мен қазақ халқының кеңпейілділігі жаңа өмірге жол ашты. Бүгінде армян этносы Қазақстанның дамуына белсенді үлес қосуда.

Асан ДЖАЛИЛОВ

Х.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2-курс PhD докторанты

Комментарии