21 желтоқсанда Солтүстік жарты шарда қысқы күн тоқырауы орын алып, астрономиялық қыс ресми түрде басталады. Бұл күн — жыл ішіндегі ең қысқа күндізгі уақыт пен ең ұзақ түн тіркелетін ерекше астрономиялық кезең.
Мамандардың мәліметінше, қысқы күн тоқырауы дүниежүзілік уақыт бойынша 15:03-те болады. Осы күні күндізгі жарықтың ұзақтығы аймаққа байланысты 6 сағаттан 9,5 сағатқа дейін ғана созылады. Қазақстанның әр өңірінде күн ұзақтығы әртүрлі болғанымен, жалпы ел аумағында жарық уақыты айтарлықтай қысқарады.
Бұл кезең Жер осінің еңкеюімен тікелей байланысты. Қыста Солтүстік жарты шар Күннен алысырақ бағытта орналасатындықтан, күн сәулесі аз түседі, соның салдарынан түн ұзарып, күн қысқарады. Ал Оңтүстік жарты шарда, керісінше, дәл осы уақытта астрономиялық жаз басталып, жылдың ең ұзақ күні тіркеледі.
21 желтоқсаннан кейін күн біртіндеп ұзара бастайды. Алайда синоптиктердің айтуынша, күн сәулесінің көбеюі бірден ауа райының жылынуына әкелмейді. Суық кезең әлі де жалғасып, нақты жылыну көктемге қарай сезіледі.
Астрономиялық қыс 2026 жылдың 20 наурызына дейін, яғни көктемгі күн мен түннің теңелуіне дейін созылады. Ал биылғы ең ұзақ күн 21 маусымда тіркеліп, астрономиялық жаз сол күні басталған болатын.