Жезқазғанның қаржылық әлеуеті күшейді: қала бюджеті соңғы үш жылда еселеп артты

Автор Асан Джалилов
33 просмотры

Ұлытау облысы құрылғаннан кейін Жезқазған қаласында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айқын өсім көрсетті. Соның ішінде қала бюджетінің көлемі мен инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан. 2025 жылы Жезқазғанның жалпы бюджеті 57,6 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда екі еседен астам ұлғайды. Ол кезде қаланың бюджеті 26,5 млрд теңгені құраған.

Қаланың меншікті кірістері де айтарлықтай өсті. 2025 жылы бұл көрсеткіш үш есеге жуық артып, 31,4 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар облыс құрылған уақыттан бері облыстық бюджеттен қалаға бөлінетін даму трансферттері 2,5 есеге ұлғайып, 9 млрд теңгеге дейін жеткізілген. Бұл қаражат негізінен инфрақұрылымды жаңғыртуға және әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталуда.

Инвестициялар Жезқазған экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Жыл басынан бері Ұлытау облысының экономикасына 207,3 млрд теңге инвестиция тартылса, соның 68 млрд теңгесі Жезқазған қаласына тиесілі. Осылайша қаланың облыс көлеміндегі инвестициялық үлесі 32,8 пайызды құрап отыр.

Өткен жылы өңір экономикасын әртараптандыру аясында жалпы құны 34 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба іске қосылған, олардың бесеуі Жезқазған қаласында жүзеге асырылды. Ал 2025 жылы жалпы құны 138 млрд теңгені құрайтын 17 жаңа инвестициялық жоба бастау алды.

Қазіргі таңда қалада бірқатар ірі нысандардың құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, мұнай базасы, жел электр станциясы, респиратор өндіретін зауыт, геологиялық кластер және қонақ үй кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар асфальтбетон зауытын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Алдағы жылдарға да ауқымды жоспарлар қарастырылған. 2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп, Жезқазғанның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған.

Комментарии