Жетісу фермерлері дабыл қағуда

Автор Бакыт Кулманов
43 просмотры

Жетісу облысында соңғы айларда қасқырлардың малға шабуылы жиілеп, фермерлерді алаңдатып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жыртқыштар қысқы жайылымдарға, қыстақтар мен ауыл маңына дейін жақындап, түнгі және таңғы мезгілдерде шабуыл жасауда, деп хабарлайды barbang.info

Әсіресе жылқы табындары мен ірі қараның төлдері жиі зардап шегеді. Кей жағдайларда қасқырлар бір мезетте бірнеше малды жаралап немесе өлтіріп кетеді. Бұл шағын және орта шаруашылықтар үшін айтарлықтай қаржылық шығын. Бірнеше бас малдан айырылу – кейбір отбасылар үшін бір маусымдық табыстан қағылумен тең.

Мамандардың пікірінше, қасқырлардың ауылға жақындауы табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы, азық қорының азаюы немесе қыстың қатал болуымен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, бұл түсіндірмелер фермерлердің нақты шығынын өтемейді.

Ауыл тұрғындары жауапты органдардан жыртқыштар санын реттеу, өтемақы төлеу тәртібін жеңілдету және қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша нақты шешім күтеді. Өйткені мал – ауыл халқының негізгі күнкөріс көзі.

Комментарии