Қазақстанда 20 жасқа толмаған азаматтардың микрозайм алуын шектейтін жаңа құжат әзірленіп жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Сенат депутатының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Агенттік мәліметінше, жақын уақытта №215 қаулыға өзгеріс енгізіліп, 21 жасқа толмаған қарыз алушылардың табысын тек ресми құжаттар арқылы растау талабы енгізіледі. Атап айтқанда, кіріс жұмыс орнынан алынатын анықтама немесе оқу орнынан берілетін стипендия туралы мәлімет негізінде есептеледі. Осылайша борыш жүктемесінің коэффициентін анықтауда бейресми табыс көздері ескерілмейді.
Реттеуші орган бұл шаралар жастар арасындағы проблемалық қарыздардың өсуін тежеуге бағытталғанын атап өтті.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 18–21 жас аралығындағы 847 мыңнан астам жас бар. Соның ішінде 136 мыңнан астамы, яғни 16 пайызы, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алып отыр. Ал олардың 18 638-і (13,7%) төлемдерін 90 күннен астам уақытқа кешіктірген.
Мамандардың пікірінше, жаңа талаптар жастарды қаржылық жауапкершілікке бейімдеп, ойланбай несие алу тәжірибесін азайтуы мүмкін.