Жаңа жылдан бастап табыс өседі: зейнетақы мен жәрдемақыға қандай өзгеріс келеді?

Автор Асан Джалилов
31 просмотры

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі 10 пайызға артады. Бұл норма 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өсім Ұлттық банк айқындаған инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады. Нәтижесінде базалық және ынтымақты зейнетақылар, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер кезең-кезеңімен көбейе береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғары мөлшері 120 пайызына дейін жеткізіледі. 2026 жылдан бастап базалық зейнетақының ең төменгі көлемі 35 596 теңге, ал ең жоғарысы 60 005 теңге болады.

Мысал ретінде, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы азаматтың жалпы зейнетақысы 2025 жылы 171 588 теңгені құраса, 2026 жылдан бастап бұл сома 192 816 теңгеге дейін өседі. Оның ішінде базалық төлем — 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы — 132 811 теңге. Бұл есепке Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер кірмейді.

Сонымен қатар келесі жылдан бастап бір реттік және тұрақты жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды. Атап айтқанда, бала тууына байланысты төлемдер, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған төлемдер 10 пайызға артады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер де өседі. Олардың мөлшері азаматтың табысына, сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және әлеуметтік жағдайына байланысты есептеледі.

Министрлік бұл шаралар азаматтардың табысын инфляция жағдайында қорғауға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын сақтауға бағытталғанын атап өтті.

Комментарии