Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыруға арналған кеңес өтіп, онда азық-түлік бағасын ұстап тұру мақсатында қараша айында атқарылған шаралар және желтоқсанға жоспарланған жұмыстар талқыланды. Министрліктің мәліметінше, қарашаның алғашқы үш аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0 пайыздық өсім көрсеткен. Алайда желтоқсан айында дәстүрлі түрде тұтынушылық сұраныс артатындықтан, Үкімет бағаның өсуіне жол бермеу үшін бақылауды күшейтуге ниетті. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін уақытша кеңейту жөнінде ұсыныс әзірледі. Тізімге бағасы жиі өзгеретін және сұранысы жоғары өнімдер енгізілген, құжат қазір келісу сатысында. Алдағы күндері бизнес өкілдері және «Атамекен» ҰКП-мен кеңейтілген талқылау өтпек. Өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасып келеді: биыл 5 мыңнан астам жәрмеңке ұйымдастырылған, ал желтоқсан айында сауда желілерімен бірлескен республикалық «Береке Fest» акциясы қайта өткізіледі. Сонымен бірге жаңа жыл алдында өңір әкімдіктері қосымша жәрмеңкелер ұйымдастырып, тұрғындарға кең ассортименттегі өнімдерді қолжетімді бағамен ұсынуды жалғастырады. Маусымдық сұраныстың артуына байланысты Сауда комитеті ірі импорттаушылар мен азық-түлік жеткізушілерінің пулын қалыптастырды. Жақын уақытта олармен желтоқсан айында сұранысы жоғары импорттық тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша арнайы кездесулер өтеді. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Сауда және интеграция министрлігіне әкімдіктермен бірге баға мониторингін күшейтуді, кез келген өзгеріске жедел әрекет етуді және тұтынушылар үшін өнімнің тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Жаңа жыл алдында әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі кеңейтіледі, бағаны бақылау күшейеді
Автор
Асан Джалилов
Автор:
Асан Джалилов
9 просмотры
9