Зейнетақы мен жәрдемақы өсті: 2026 жылдан бастап төлемдер 10 пайызға артты

Автор Асан Джалилов
29 просмотры

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақылардың, сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі 10 пайызға ұлғайтылды. Бұл шешім Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сай қабылданып, азаматтардың сатып алу қабілетін сақтауға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру саясаты жалғасуда. 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарғысы 120 пайызына дейін жеткізіледі. Соның нәтижесінде 2026 жылдан бастап ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңге, ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы зейнеткердің 2025 жылғы зейнетақысы 171 588 теңгені құраса, 2026 жылдан бастап бұл сома 192 816 теңгеге дейін өседі. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ал ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге. Бұл көрсеткіштерге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін қаражат кірмейді.

Жаңа жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылар да көбейеді. Атап айтқанда, бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде берілетін жәрдемақы 164 350 теңгеге дейін, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңгеге дейін өседі. Көпбалалы отбасыларға арналған төлемдер де артты: төрт баласы бар отбасылар 69 330 теңге, ал он баласы бар отбасылар 173 000 теңге алады.

Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылардың мөлшері де қайта қаралды. I топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақы 111 872 теңгеге, II топтағыларға 89 498 теңгеге, ал III топтағыларға 61 021 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер де 10 пайызға артты. Бұл төлемдер азаматтың соңғы жылдардағы табысына, сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне, асырауындағы адамдар санына және өзге де әлеуметтік көрсеткіштерге байланысты жеке есептеледі.

Жалпы алғанда, аталған өзгерістер халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтуге, зейнеткерлер мен әлеуметтік төлем алушылардың табысын инфляция жағдайында тұрақты сақтауға бағытталған.

Комментарии