Қытайдағы BGI-Research институтының ғалымдары әріптестерімен бірлесіп Stereo-seq V2 деп аталатын РНҚ-карталаудың жаңа нұсқасын әзірледі.
Бұл технология бұрын қолжетімсіз болған биологиялық үлгілерді — ескі қатерлі ісік тіндерін немесе 1955 жылдан бері сақталған Альберт Эйнштейннің ми блоктарын — жасушалық деңгейде зерттеуге мүмкіндік береді. Зерттеу өткен айда Cell журналында жарияланды.
Жаңа әдіс сақталу сапасы төмен үлгілердің өзінен дерек алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін формалинмен бекіту немесе парафинге құю сияқты дәстүрлі тәсілдер ұзақ сақтау үшін пайдаланылғанымен, ДНҚ мен РНҚ-ға зақым келтіретін. Stereo-seq V2 болса, молекулаларды тіпті қатты бұзылған тіндерден де оқи алады.
Ғалымдар бұл технологияның артықшылығы тек Эйнштейннің миын зерттеумен шектелмейтінін айтады. Ол бұрынғы клиникалық үлгілерді, сирек кездесетін ауруларды зерттеу үшін де қолданылады. Тіпті ескі қатерлі ісік тіндерінен ісіктің түрлерін ажыратып, иммундық жүйенің реакциясын тіркеу мүмкіндігі дәлелденген.
Зерттеушілердің пікірінше, осы әдістің көмегімен әлем мұрағаттарында ондаған жылдар бойы сақталған миллиондаған үлгі қайтадан ғылымға қолжетімді болмақ. Бұл сирек ауруларды ерте диагностикалауға, емдеудің дәл тәсілін таңдауға және тарихи патологияларды қайта зерделеуге жол ашады.