Вокзалдарда мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған сүйемелдеу қызметі енгізілді

Автор Асан Джалилов
52 просмотры

Қазақстанда теміржол вокзалдарында мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметі іске қосылды. Бұл сервис сапар кезінде арнайы көмекке мұқтаж азаматтарды автокөліктен вагонға дейін және кері бағытта, сондай-ақ вокзал аумағында толық сүйемелдеуге мүмкіндік береді.

Қызметті пайдалану үшін өтінім теміржол билетін сатып алу барысында алдын ала рәсімделеді. Ол үшін жолаушы bilet.railways.kz сайты арқылы билет сатып алып, рәсімдеу кезінде «Мүгедек» опциясын таңдайды. Осы кезеңде жеке сәйкестендіру нөмірі мен мүгедектік туралы анықтаманың нөмірі көрсетілуі тиіс. Бұдан кейін жолаушы өзіне қажетті көмек түрлерін таңдай алады.

Сүйемелдеу қызметі пойыз жөнелтілер алдында вокзал қызметкерінің алып жүруін, арнайы арбамен қамтамасыз етуді, сондай-ақ пойыздан түсу кезінде вокзал қызметкерінің көмегін және арнайы арба ұсынуды қамтиды. Өтінімнің алдын ала берілуі вокзал қызметкерлеріне сапарға дер кезінде дайындалып, жолаушыға жолдың барлық кезеңінде уақтылы әрі толыққанды көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта бұл қызмет арнайы арбалармен жабдықталған 57 вокзалда қолжетімді. Егер таңдалған вокзалда сервис уақытша көрсетілмесе, билет сатып алу кезінде тиісті опциялар көрінбейді. Осылайша жүйе тек нақты қолжетімді қызметтерді таңдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін жол жүруге жеңілдіктер қарастырылған. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда билеттерге елу пайыздық жеңілдік қолданылады, ал коммерциялық пойыздарда арнайы купелерге, соның ішінде ілесіп жүретін адамға арналған орындарға да осындай мөлшерде жеңілдік беріледі.

Жаңа сүйемелдеу қызметі теміржол инфрақұрылымын барынша қолжетімді етіп, мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың қауіпсіз әрі ыңғайлы сапарлауына бағытталған маңызды әлеуметтік қадам болып отыр.