Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылып, ірі бірлескен жобалар іске қосылды.
Келіссөздерге дейін Мемлекет басшылары екі елдің бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне онлайн режимде қатысты. Өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларын қамтитын жалпы құны 1,2 млрд долларды құрайтын жеті жоба ресми түрде басталды.
Қазақстан мен Өзбекстан басшылары Сырдария және Түркістан облыстарындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығының, Ташкентте орналасқан Tenge Bank бас кеңсесінің, Ташкент облысындағы көпбейінді логистика орталығының, Жаңа Ташкенттегі «Астана» тұрғын үй кешенінің, Қашқадария облысындағы алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, сондай-ақ Жаңа Ташкенттегі «Астана» қонақ үйі мен Астанадағы «Ташкент» қонақ үйі құрылысының басталғанын жариялады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өткізіліп, тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сонымен қатар президенттер төмендегі маңызды шешімдерге қол қойды:
- Өңірлер басшыларының кеңесін құру;
- Геология және сирек металдар бойынша бірлескен жұмыс тобын құру;
- Трансшекаралық өзендердегі су деңгейін болжау жөніндегі екіжақты жұмыс тобын қалыптастыру.
Мемлекеттер басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық бірқатар құжаттар да алмасу рәсімі өтті.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев келіссөздердің жоғары деңгейде өткенін және нәтижелердің екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастардың берік әрі жан-жақты нығайып келе жатқанын айқын көрсетті».