21 қыркүйекте Жамбыл облысындағы күрд ақсақалдар кеңесінің отырысында Тараз қаласындағы Күрд үйіне академик, ғалым әрі қоғам қайраткері Надир Каримұлы Надировтың есімін беру туралы шешім бірауыздан қабылданды.
Бұл қадам ұлтымызға еңбегі сіңген көрнекті тұлғаның ғылымдағы және қоғамдық өмірдегі зор үлесіне көрсетілген құрмет болып табылады. Жаңа атау жас ұрпақты жігерлендіріп, Күрд үйінің мәдени-ағартушылық орталық ретіндегі маңызын арттырады әрі ұрпақтар сабақтастығының айшықты белгісіне айналады деп күтілуде.
Анықтама
Надир Каримұлы Надиров (1932–2021) – химия ғылымының көрнекті өкілі, академик, профессор. Нахичевань өңірінде дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын тәмамдап, Мәскеуде білімін жалғастырған. 1200-ден астам ғылыми еңбектің, 250-ден аса өнертабыстың авторы. Бірқатар ғылыми мекемелерде басшылық қызмет атқарған. Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, мұнай саласының құрметті маманы атанған.