Тәуелсіздік – халқымыздың сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырған, ұлттық намыс пен рухты қайта жаңғыртқан ең қасиетті құндылық. Бұл күн – азаттық жолында жанын қиған бабалардың рухына тағзым етіп, елдік пен бірлікті дәріптейтін, Қазақстанның даму бағытын айқындаған тарихи белес. 1991 жылы жарияланған мемлекеттік тәуелсіздік еліміздің тағдырын түбегейлі өзгертіп, саяси, экономикалық және мәдени өрлеудің жаңа да кезеңін бастады. Егемендік жылдары Қазақстан әлемге танылған, орнықты дамуға бағытталған, көпұлтты қоғамға үлгі боларлық келісім мен татулықтың орталығына айналды. Мемлекетіміз халықаралық ұйымдарда белсенді рөл атқарып, бейбітшілік пен тұрақтылықты басты ұстаным ретінде ұстанатын ел ретінде беделін арттырды.
Тәуелсіздік – мемлекеттің дербес дамуымен қатар, әр азаматтың болашағына жауапкершілікпен қарауының айғағы. Қоғамдағы бірлік пен ынтымақ, ортақ мақсатқа адалдық – егемендіктің басты тіректері. Мемлекет басшыларының саясаты да халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрақтылықты сақтауға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстан жаңару мен жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, әлеуметтік қолдау, экономикалық реформа және заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында маңызды қадамдар жасап келеді.
Осы үдерістерде еліміздегі этномәдени орталықтардың, соның ішінде республикалық «Барбанг» Ассоциациясының қосып келе жатқан үлесі айрықша. Ассоциация елдің қоғамдық өміріне белсене араласып, мәдени көптүрлілікті сақтау, татулық пен өзара құрметті нығайту бағытында маңызды жұмыстар атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясының идеялары – ынтымақ, татулық және өзара сыйластық – тәуелсіздік жылдары қалыптасқан қоғамның берік құндылықтарына айналды.
Тәуелсіздік күні – өткенге тағзым, бүгініне шүкіршілік, ертеңге сенім артатын ерекше күн. Егемендікті сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Киелі жердің тұтастығын, мемлекеттіліктің беріктігін және халықтың бірлігін қорғау – әрбір азаматтың қасиетті міндеті. Ел дамуына үлес қоса білген ұрпақ барда тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей береді. Көк туымыз аспан төрінде әрдайым асқақтай желбірей берсін!