Шымкентте ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуға арналған республикалық дөңгелек үстел өтті

Автор Асан Джалилов
50 просмотры

Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Тұлға дамыту және ҚХА» орталығы ұйымдастырған республикалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы ұлтаралық татулық пен ынтымақтастықтың маңызын ашу, Қазақстандағы этносаралық келісімнің құндылықтарын насихаттау және бейбітшілік пен қоғамдық тұрақтылықты сақтауда азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру болды.

Дөңгелек үстел Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында өткізіліп, Қазақстан аумағында бірге өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің бірлік пен өзара құрметке негізделген қоғамдық өмірін ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналды. Жиынның модераторы – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Ә. Жанысбекова болды.

Іс-шара барысында университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Ғ.Ә. Бесбаев құттықтау сөз сөйлеп, кездесудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Н.П. Калашникова, журналист З.А. Оралбаева, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысып, мазмұнды пікірлер білдірді.

Дөңгелек үстелдің баяндамалар бөлімінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы орны, этносаралық татулықтың ішкі тұрақтылыққа ықпалы, ел бірегейлігі мәселелері және этносаралық қатынастардың құқықтық негіздері кеңінен талқыланды. Жиында Г.Ә. Жанысбекова Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасын таныстырса, саясаттанушы Т.Т. Шайхиев этносаралық татулықтың ішкі саяси тұрақтылықтағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар тарих ғылымдарының кандидаты М.С. Амрина Ұлттық құрылтайда көтерілген ел бірегейлігі мәселесін баяндады.

Сондай-ақ іс-шарада халықаралық құқық кафедрасының доценті Е.Т. Бекбосынов этносаралық қатынастардың халықаралық-құқықтық және ұлттық заңнамалық негіздерін талдап өтті. Бұдан бөлек, , JIYANA KURD қоғамдық — саяси газетінің бас редакторы А.М. Джалилов «“JIYANA KURD”: Қазақстандағы күрд баспасөзінің жолы» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстандағы күрд баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына қатысты маңызды деректермен бөлісті.

Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы бастамаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Іс-шара қоғамдағы достық, өзара құрмет пен ынтымақ құндылықтарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Комментарии