Шымкентте Конституциялық өзгерістер қоғамдық талқылау алаңында сарапталды

Автор Асан Джалилов
69 просмотры

Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топ пен Журналистер және блогерлер клубының бірлескен отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы және алдағы республикалық референдумға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшылар Конституция жобасының негізгі қағидаттарын, оның қоғамдық-саяси маңызын және елдің құқықтық дамуындағы рөлін жан-жақты саралады. Қатысушылар жаңа өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Жиында Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Қайрат Анарбаев сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік беретін маңызды құжат екенін айтты. Оның пікірінше, референдум – халықтың өз таңдауын жасап, елдің болашағына тікелей ықпал ететін демократиялық тетік.

Сонымен қатар Журналистер мен блогерлер клубының мүшесі Базаркүл Қалбыр бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі арта түсетін кезең екенін атап өтті. Ол қоғамға шынайы, нақты әрі жан-жақты ақпарат жеткізу қоғамдық сенімді нығайтудың маңызды шарты екенін айтты.

Жиынға JIYNA KURD қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Асан Джалилов та қатысып, пікір білдірді. Ол өз сөзінде жаңа Конституциядағы Құрылтай институтының маңыздылығына тоқталып, бұл бастама қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтай ұлттық бірлікті күшейтіп, азаматтық қоғамның ұсыныстары мен бастамаларын мемлекеттік деңгейде талқылауға жол ашатын тиімді алаң бола алады.

Фото: Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы

Кездесу барысында референдум кезеңінде ақпарат құралдарының рөлі де кеңінен сөз болды. Қатысушылар қоғамды сапалы әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз ету ашықтықты арттырып, қоғамдық сенімді нығайтудың басты факторы екенін атап өтті.