2026 жылдан бастап Қазақстанда микро және шағын бизнеске салық салу тәртібі жеңілдетіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді. Жаңа өзгерістер салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекке қолданылатын шектерді арттыруды көздейді.
Бұған дейін кәсіпкерлерден салық берешегі шамамен 6 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 26 мың теңгеден бастап өндіріліп келген. Ал әлеуметтік аударымдар бойынша нақты шектік мөлшер белгіленбеген еді. Жаңа тәртіпке сәйкес, салық берешегі үшін шекті сома 20 АЕК-ке дейін, яғни 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Әлеуметтік төлемдер бойынша берешек шегі 6 АЕК, шамамен 26 мың теңге көлемінде бекітіледі.
Енді берешек көлемі 87 мың теңгеден аспайтын жағдайда кәсіпкерге тек хабарлама жолданып, өсімпұл ғана есептеледі. Ал қарыз сомасы 87 мыңнан 195 мың теңгеге дейінгі аралықта болса, хабарлама жіберіліп, берешек өтелмеген жағдайда шектеулі қаржылық шаралар қолданылуы мүмкін.
195 мың теңгеден асатын берешек үшін қатаң шаралар қарастырылған. Бұл жағдайда мүлікті тізімдеу, сату немесе дебиторлық қарыздар арқылы өндіріп алу тетіктері іске қосылады.
Үкімет бұл өзгерістер шағын кәсіпкерліктің қаржылық жүктемесін азайтып, бизнестің тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастырады деп отыр.