Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің кезекті отырысында қаржы нарығы мен агроөнеркәсіптік кешенге салық салудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Отырыс барысында факторингтік операциялар мен банктік кепілдіктер бойынша қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу тетіктері, бағалы қағаздардан түсетін табыстарға салық салу ерекшеліктері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде ҚҚС қайтару тәртібін жетілдіру мәселелері қаралды. Қатысушылар ұсынылған тәсілдердің бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және есептеу рәсімдерін барынша ашық әрі түсінікті етуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар, экономиканың нақты секторына инвестициялар тартуды ынталандыру мақсатында салық нормаларын халықаралық тәжірибеге жақындату қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта қаржы секторындағы операцияларды салықтық реттеудің тиімділігін арттыру, капитал нарығын дамытуға қолайлы жағдай жасау және инвестициялық белсенділікті күшейту көзделіп отыр.
Жобалық кеңсе жұмысы барысында Салық кодексінің жаңа ережелерін енгізу аясында кәсіпкерлердің жаңартылған салық режимдеріне кезең-кезеңімен көшуі жөніндегі деректер де ұсынылды. Жауапты мемлекеттік органдарға бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын күшейту және жаңа нормалардың практикалық қолданылуын жеделдету бойынша нақты тапсырмалар берілді.