Түркістан облысы Сайрам ауданы күрд этномәдени орталығының мүшелері, ардақты ақсақалдары, жастар қанаты мен аналар кеңесі бас қосып, алдағы республикалық референдумға қатысты ортақ пікірін жария етті.
Жиынға қатысушылар ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың жауапкершілігі әр кезеңде айқын көрінетінін атап өтті. Олардың айтуынша, Конституция – мемлекеттің іргетасын айқындайтын, қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін негізгі құжат. Сондықтан оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Кездесу барысында референдумның маңызына ерекше тоқталды. Қатысушылар бұл үдеріс халықтың өз таңдауын жасап, мемлекеттік шешімдерге тікелей қатысуының айқын көрінісі екенін айтты. Этномәдени орталық өкілдері елдегі татулық пен келісімді басты құндылық санай отырып, мемлекет тұрақтылығын қолдайтындарын білдірді.
Ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесі мүшелері бірлік пен өзара құрмет қоғам дамуының негізі екенін атап өтті. Жастар өкілдері де ел болашағы үшін жауапкершілік таныту – әр азаматтың парызы екенін жеткізді.
Басқосу соңында қатысушылар ортақ ұстанымдарын білдіріп, елдің бірлігі мен тұрақтылығын қолдайтындарын мәлімдеді.

