Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдірудің маңызын атап өтті

Автор Асан Джалилов
8 просмотры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Кездесу барысында ведомствоның биылғы тоғыз айдағы қызметінің қорытындысы мен 2026 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды.

Әлихан Смайыловтың мәліметінше, есепті кезеңде мемлекеттік аудиторлар жалпы құны 32 триллион теңге болатын 18 ірі тексеру жүргізген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 22,8 триллион теңгеге артық.

Мемлекет пайдасына 112 миллиард теңге өндіріліп, анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында Үкіметке және тиісті нысандарға 96 ұсыным мен 800-ге жуық нұсқама жолданды. Аудит қорытындысы негізінде 42 материал құқық қорғау органдарына берілді.

Төраға сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның қызметін цифрландыру шеңберінде жаңа ақпараттық жүйе енгізілгенін хабарлады. Бұл жүйе аудиторлық жұмыстың барлық кезеңдерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

2026 жылы ведомство 40-қа жуық тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде отандық фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау, инвестиция тарту, автомобиль жолдарын дамыту, мемлекеттік ақпарат саясаты, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ және Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметі қамтылатын болады.

Кездесу қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіру, тиімділікті арттыру және бюджеттік тәртіпті қатаң сақтау жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Комментарии