Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте елордадағы көлік инфрақұрылымының жай-күйіне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, қалада сапалы әрі қолайлы көлік жүйесін қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қабылданған Астананың көлік жүйесін 2035 жылға дейін дамытуға арналған кешенді бағдарламаны уақтылы әрі толық іске асырудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Президент жол сапасына қатысты тұрғындардан жиі шағым түсетінін және қоғамдық көлік қызметінде де түйткілдер бар екенін айтты. Мұндай кемшіліктер елорданың абырой-беделіне нұқсан келтіретінін ескерткен Мемлекет басшысы қоғамдық көлік ең алдымен тұрғындар үшін ыңғайлы әрі тұрақты жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.
– Қоғамдық көлік жеке автокөлікке балама болуы керек. Автобуспен жүру тұрғындар үшін тиімді әрі қолайлы болғаны жөн. Сондықтан қалада қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қала басшылығына көлік инфрақұрылымын дамытуға жүйелі түрде қарап, тұрғындардың нақты сұранысын ескеруді тапсырды.