Мемлекет басшысы Украина Президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз өткізіп, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты талқылады. Әңгіме барысында Украинадағы ахуал қозғалып, Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығысты тоқтату үшін дипломатиялық қадамдарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Черногория Президенті Яков Милатовичпен өткен кездесуде Алматы–Подгорица тікелей әуе рейсінің ашылуы және визасыз режимнің енгізілуі екі халық арасындағы байланыстарды нығайта түскені айтылды.
Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөздер барысында Қазақстанның ұйыммен екіжақты және C5+ форматындағы ынтымақтастықты дамытуға бейілділігі атап өтілді. Тараптар өңіраралық әріптестікті тереңдету жөнінде уағдаласты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы FIFA президенті Джанни Инфантиномен кездесіп, балалар футболын дамытуға бағытталған FIFA Arena бағдарламасына қолдау білдірді. Өз кезегінде Джанни Инфантино Қазақстанда ұлттық футболды ілгерілетуге арналған бірлескен жобаларға дайын екенін жеткізді.