Президент: Қазақстанға кәсіби Парламент қажет

Автор Асан Джалилов
16 просмотры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерімен өткен диалог-платформа барысында еліміздегі заң шығару жүйесін жаңғырту жөнінде маңызды мәлімдеме жасады. Президенттің айтуынша, алдағы кезеңде Қазақстанға кәсіби, тәжірибелі, салалық білігі жоғары Парламент қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығару жұмысын сапалы деңгейге көтеру үшін Мәжіліске нақты саланың майталмандары келуі керектігін атап өтті. Оның пікірінше, цифрландыру, аймақтық даму сияқты бағыттар ерекше назарды талап етеді, сондықтан осы салаларға арналған жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет. Бұл ұсыныстар арнайы жұмыс тобы арқылы жан-жақты зерттелмек.

Президент Конституцияға енгізілетін түзетулердің ауқымы үлкен болатынын айтып, референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беруі мүмкін екенін жеткізді. Ол алдағы реформалардың елдің құқықтық жүйесіне және мемлекеттік басқаруға елеулі өзгерістер әкелетінін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет үшін аса маңызды кезеңде ішкі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіптің шешуші рөл атқаратынын атап өтті:

«Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық пен тұрақтылық болуы керек. «Заң мен тәртіп» қағидатын барлық қоғам болып сақтауымыз қажет. Құқық қорғау органдары кәсібилігін көрсетуге тиіс. Арандатушылық әрекеттерге немесе көлеңкелі саясатқа жол бермейміз», — деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл реформалардың барлығы Қазақстанды одан әрі дамытуға, билік тармақтарының жауапкершілігін арттыруға және жаңа саяси модель қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

Комментарии