Астана. 2025 жылғы 29 қазан. Barbang Info – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесті. Кездесу барысында Вашингтонда өтетін С5+1 форматындағы саммит қарсаңында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамыту перспективалары талқыланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың саммитке шақыруына ризашылық білдіріп, алдағы жоғары деңгейдегі кездесудің ұзақ мерзімді ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол Қазақстанның АҚШ-пен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның АҚШ жүргізіп отырған бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған саясатын қолдайтынын атап өтті және Дональд Трамптың халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі үлесін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Орталық Азияның жаһандық процестердегі рөлі күшейіп келе жатқанын, аймақ елдері өзара түсіністік пен тату көршілікке негізделген ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отырғанын айтты. Өз кезегінде Серджио Гор АҚШ Президентінің сәлемін жеткізіп, Вашингтонның Орталық Азия өңірін сыртқы саясаттағы стратегиялық бағыт ретінде қарастыратынын растады. Оның айтуынша, алдағы саммит екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады. Кездесу аясында тараптар энергетика, маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы өзара серіктестіктің әлеуетін талқылады. Бұған қоса, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ делегациясымен кездесті
Автор
Асан Джалилов
Автор:
Асан Джалилов 6 просмотры
6