Президент 2028 жылғы Олимпиадаға дайындық барысымен және ірі инфрақұрылымдық жобалармен танысты

Автор Асан Джалилов
1 просмотры

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Integra Construction KZ компаниясының бенефициар меншік иесі Шахмұрат Мүтәліпті қабылдады. Кездесу барысында компанияның ел көлемінде және халықаралық деңгейде жүзеге асырып жатқан жобалары туралы ақпарат берілді.

Шахмұрат Мүтәліп Мемлекет басшысына өндірістік, әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Сонымен қатар құрылыс және темір жол салаларында жүзеге асырылып жатқан халықаралық бастамалар жөнінде баяндалды.

Президент стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақытында аяқтаудың ел экономикасы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Кездесу барысында әлеуметтік бағыттағы жобалар да сөз болды. Integra Construction KZ Алматы қаласындағы «Бағанашыл» балалар үйін 5 млрд теңге жеке қаражат есебінен қайта жөндеуден өткізіп жатыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына Қазақстан боксының қазіргі жетістіктері туралы, соның ішінде ұлттық құраманың нәтижелері мен 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық жоспары жөнінде мәлімет ұсынылды. Келесі жылға арналған міндеттер де талқыланды.

Комментарии