Отбасы – қоғамның түп қазығы. Ал оның беріктігі мен рухани қуаты ең әуелі ата-ананың көрегендігі мен тәрбиесіне байланысты. Халықтың «Қандай ана – сондай бала» деуі де осы ақиқатты меңзейді. Мәдениетті ана – тек сауатты жан ғана емес, ол жүрегі мейірімге толы, сөзінен парасат есіп тұратын, рухани әлемі бай тұлға. Бала өмірді алғаш рет ананың жанарынан көріп, оның әр қимылынан, әр сөзінен үлгі алады. Анасы байсалды болса – бала сабырлы, анасы құрмет көрсете білсе – бала тәрбиелі, анасы ізденіп, білімге ұмтылса – бала да ғылымға жақындайды. Ал ана ұлттық дәстүрді қастерлесе – бала халқының қадірін түсінетін азамат болып өседі. Сондықтан ана – баланың ішкі әлемін қалыптастыратын алғашқы ұстаз, ең сенімді тәлімгер.
Отбасының екінші тынысы – әке. Әке – отбасының қорғаны, әділдіктің, жауапкершіліктің, ерліктің бейнесі. Үйде салмақты, парасатты, сөзіне берік ер-азамат болса, бала да өмірге сенімді, өз қадірін білетін, қиындыққа мойымайтын қайратты тұлға болып қалыптасады. Тәрбие – «менікі» немесе «сенікі» болып бөлінбейді. Тәрбие – бір команда, бір жүрек. Баланың қуанышы да, жүгі де, табысы мен талабы да ата-ананың ортақ жауапкершілігін құрайды. Сондықтан отбасындағы жарасым мен сыйластық – баланың адам болып қалыптасуындағы басты алғышарт.
Бүгінде елімізде 424 мың жалғызбасты ана және 72 мың жалғызбасты әке бар. Бұл – көбіне аналардың бала тәрбиесімен жалғыз қалатынын көрсететін әлеуметтік шындық. Соған қарамастан, қаншама ана тағдырдың сынына мойымай, екі еселенген жауапкершілікті арқалап, шаңырақтың отын өшірмей, баласына тірек болып келеді. Бұл – әйел жанының тозбас төзімі мен ерекше рухани қуатының айқын дәлелі.
Тәрбие мен руханият тақырыбын қоғам назарында ұстап келе жатқан бастамалардың бірі – Аналар кеңесі іске асырып отырған «Салауатты сана» әлеуметтік-рухани жобасы. Бұл жоба ата-аналар мен балалардың эмоционалды саулығын сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, адамгершілік пен мәдени тәрбие негіздерін нығайту, саналы ойлау қалыптастыруды мақсат етеді. «Салауатты сана – салауатты тұлға, салауатты отбасы – салауатты қоғам» деген тұжырым қоғам дамуының дұрыс бағытын айқындайтын терең қағида.
Бүгінгі заманның тағы бір өзекті мәселесі – жасөспірімдер арасындағы ойынқұмарлық. Лудомания – жай уақыт өткізу емес, адамның мінезі мен психикасына терең әсер ететін қауіпті дерт. Ол баланың жүйкесін әлсіретеді, үрей мен ашушаңдықты күшейтеді, білімге деген ықыласты төмендетеді, шынайы құндылықтардың орнын жалған қиял басады. Ең үлкен соққы – отбасының тыныштығына тиеді. Сондықтан бұл дерттің алдын алу ең алдымен отбасындағы тәрбие мен дұрыс бақылауға байланысты.
Қорытындысында айтарымыз: бала – бір күндік емес, бүкіл ғұмырлық аманат. Алайда ол тұлға болып ең алдымен отбасында қалыптасады. Ана – мейірімнің, парасаттың, рухани байлықтың бастау-бұлағы болуы шарт. Әке – тірек, қамқор, әділдік пен батылдықтың үлгісі болуы керек. Ал ата-ана – бір мүддеге қызмет ететін тату команда болғанда ғана отбасында жылулық, сыйластық, саналы тәрбие орнығады. Мәдениетті ана – мәдениетті ұрпақ тәрбиелейді. Тірегі берік әке – өзіне сенімді, рухы биік азамат қалыптастырады. «Салауатты сана» жобасы – осындай кемел ұрпаққа жол ашатын ізгі бастама.
Джамиля Сүлейманқызы Бабаева
Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» Ассоциациясы Аналар кеңесінің төрайымы