Өмірін білімге, тәрбиеге және қоғамға арнаған ұстаз тағдыры

Автор Асан Джалилов
14 просмотры

XX ғасырдың ең қасіретті белестерінің бірі – 1937–1938 жылдардағы күштеп көшіру саясаты талай жазықсыз отбасының тағдырын тас-талқан еткен кезең еді. Әзербайжан КСР-інің құрамындағы Нахчыван АКСР-інен күштеп жер аударылған мыңдаған күрд ұлтының өкілдері қатал саяси науқанның құрбаны болып, бейтаныс өңірлерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Сол бір зұлмат жылдардың салқыны кейінгі ұрпақтың өмір жолына да әсер етпей қоймады.

Сол ауыр кезеңді бастан өткерген әулеттің бүгінгі перзенті — Асанов Хамит Асанұлы. Ол 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Жастайынан еңбекқорлықты, төзімділікті, білімге деген құрметті бойына сіңіріп өскен ол ата-анасының бастан өткерген тарихи қиындықтарын жақсы түсініп, әрқашан ұлтжандылық пен жауапкершілікке ден қойып тәрбиеленді.

Хамит Асанұлы Шымкент педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетін тәмамдап, бар ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнады. Оның педагогикалық еңбек өтілі — 43 жыл.

Ұстаздық жолы 1978 жылы Шымкент облысы Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданындағы Боралдай ауылында орналасқан С.Ерубаев атындағы мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болудан басталды. 1985–1987 жылдары осы білім ордасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңғыру кезеңінде де оның еңбек белсенділігі бәсеңдеген жоқ. Алғабас ауданына қарасты Түйетас ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектепте қызмет атқарып, көптеген аудандық жарыстарда шәкірттері жүлделі орындарды иеленді. 1998–2008 жылдары аталмыш мектептің директоры қызметін абыроймен атқарды.

Ұстаздық жолында аудандық педагогикалық оқуларда баяндамалар жасап, алғыс хаттар мен мақтау қағаздарымен марапатталды. Кейін кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде де белсенді қоғамдық жұмыс атқарды. Ата-аналар ұйымы мен жергілікті қауымдастық арасында үлкен құрметке ие болды.

Жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі мен жас ұрпаққа сапалы білім беру жолындағы елеулі еңбегі үшін бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2013 жылдың 1 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы қоғамдық бірлестігінің «Білім беру ісінің үздігі» медалімен наградталды.

Бүгінде Асанов Хамит Асанұлы — 3 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп, немере-шөберелердің қызығын көріп отырған, елге сыйлы азамат. Оның өмір жолы — адалдықтың, табандылықтың, еңбекқорлықтың және ұлт болашағына деген шынайы жауапкершіліктің айқын үлгісі.

Асан Джалилов JIYANA KURD газетінің бас редакторы

Маханбет Флид
Бәйдібек ауданы Түйетас ауылы Б. Момышұлы атындағы ЖББМ мұғалімі

Хамит Асанов немерелерімен

Комментарии