Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Құжатқа сәйкес, ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлерге зейнетке шыққанда қосымша төлем беру көзделген.
Жоба бойынша мемлекеттік қызметте кемінде 25 жыл еңбек өтілі бар азаматтарға зейнетке шығу кезінде 4 лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем қарастыру ұсынылған. Бұл шара олардың көпжылдық еңбегін бағалап, әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеу нормасы енгізілген. Бұл инфляция жағдайында олардың табысын тұрақты сақтауға мүмкіндік береді.
Құжатта қызметтік ауысулар кезінде берілетін кепілдіктер, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу, сондай-ақ еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс күндерін беру мәселелері де қарастырылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметте мансаптық өсудің жаңа тәсілі ұсынылды. Яғни тек лауазым бойынша жоғарылау емес, бір қызмет аясында кәсіби даму мүмкіндігі де ескеріледі. Бұл жүйе мамандардың біліктілігін арттыруға және тұрақты кадрлық әлеует қалыптастыруға бағытталған.