Денсаулық сақтау министрлігінде AQNIET, SENIM, QazMed кәсіподақ ұйымдарының өкілдері және «Медициналық ұйымдардың қазақстандық альянсы» жұмыс берушілер бірлестігі қатысуымен 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге қол қойылды. Құжат медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек жағдайларын жақсартуға және саладағы әлеуметтік диалогты дамытуға бағытталған.
Министрлік мәліметінше, келісім денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құқықтық құралдардың бірі болады. Онда жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті қорғау және еңбек дауларының алдын алу мәселелері қамтылған. Сонымен қатар медициналық ұйымда ұжымдық шарт болмаған жағдайда келісім нормаларының тікелей қолданылуы және оның кепілдіктерін кәсіподақ мүшесі емес қызметкерлерге де тарату мүмкіндігі қарастырылған.
Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі — медицина қызметкерлерінің жұмыс пен жеке уақыт теңгерімін сақтау құқығын бекіту. Енді шұғыл жағдайлардан басқа кезде қызметкерлерді белгіленген жұмыс уақытынан тыс еңбек міндеттерін орындауға немесе қызметтік байланысқа тартуға шектеу қойылады. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелер мен цифрлық құралдарды пайдалану кезінде туындайтын қосымша жүктемені жұмыс уақытының бір бөлігі ретінде есепке алу көзделген. Бұл жасырын артық жұмысқа жол бермеуге бағытталған.
Келісімде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізу кезінде медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі мен құқықтарын теңгерімді реттеу тәсілдері де қарастырылған. Сондай-ақ штат қысқарған жағдайда қызметкерлерге берілетін кепілдіктер күшейтіліп, әлеуметтік осал санаттағы мамандарды жұмыспен қамтуды сақтау басымдығы белгіленген. Ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша төлемдер, үстеме жұмысқа жоғары ақы төлеу және сауықтыруға арналған төлемдер қарастырылған.
Құжаттың жеке бөлімі кадрлық әлеуетті дамытуға арналған. Онда медициналық және фармацевтикалық кадрларға қажеттілікті тұрақты мониторингтеу, қызметкерлердің біліктілігін кемінде бес жылда бір рет арттыру, жас мамандарға тәлімгерлік жүйесін дамыту және оқу орнын бітірген түлектерді алғашқы жылы сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылдау шаралары енгізілген.
Сонымен қатар келісім медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және еңбек дауларын шешу үшін медиация тетіктерін дамытуға бағытталған талаптарды күшейтеді. Жаңа келісімді іске асыру денсаулық сақтау саласында тұрақты әлеуметтік әріптестік жүйесін қалыптастырып, медициналық мамандықтардың беделін арттыруға ықпал етеді.