Мұғалімдер жұмысына жасанды интеллект енгізіледі

Автор Асан Джалилов
26 просмотры

Қазақстанда білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша жаңа бастама қолға алынды. Оқу-ағарту министрлігі ChatGPT Edu пилоттық жобасын іске асырып, оған мыңдаған педагогті тартуды жоспарлап отыр.

Жоба аясында 2026 жылы еліміз бойынша шамамен 200 мың мұғалім жасанды интеллект құралдарын пайдалану дағдыларын меңгереді. Бұл технологиялар педагогтердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

Меморандум негізінде білім беру ұйымдарына ChatGPT Edu платформасының 100 мың лицензиясы бөлінді. Оның 5 мыңы мектепке дейінгі ұйымдарға, 85 мыңы мектептерге, ал 10 мыңы колледждерге беріледі. Жылдың екінші жартысында тағы 100 мың лицензия ұсынылып, жобаға қатысатын педагогтер саны екі есеге артады.

Платформа мұғалімдерге сабақ жоспарын жылдам дайындауға, тапсырмалар мен тесттер құрастыруға, оқу материалдарын оқушылардың деңгейіне бейімдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқу мазмұнын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірлеуге болады.

Жасанды интеллект жүйесі оқушылардың жұмыстарын талдауға, бағалау критерийлерін дайындауға және жеке кері байланыс беруге көмектеседі. Дегенмен қорытынды бағаны педагогтің өзі қояды.

Білім беру саласын цифрландыру аясында QazTech платформасы негізінде Ұлттық білім беру дерекқоры да жаңартылып жатыр. Болашақта барлық білім беру қызметтері мен цифрлық сервистер біріктірілген ұлттық білім беру платформасы іске қосылады.