Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов еліміздегі саяси жаңғыртудың жаңа кезеңін айқындайтын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысына қатысты.
Жиынға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат төрағалары, саяси партия жетекшілері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық мүшелері тартылды. Бұл комиссияның құрамы ұсыныстарды кеңінен талқылап, реформаларды жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерген мемлекеттік билік жүйесін реформалау бастамаларының маңызы ерекше атап өтілді. Қатысушылардың пікірінше, бұл ұсыныстар қоғам сұранысына сай әрі терең талдауды қажет етеді.
Алғашқы кездесу барысында баяндамашылар жұмыс топтары жүйелеген негізгі ұсыныстарды таныстырып, қатысушылар тарапынан нақты бастамалар да ұсынылды. Комиссия жұмысы алдағы уақытта саяси реформаларды пысықтап, ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болады.