Инфляцияға қарсы нақты қадам: азық-түлік нарығын тұрақтандыру басталды

Автор Асан Джалилов
27 просмотры

Үкімет жаңа жыл басталғалы елдегі инфляцияны тұрақтандыру тетіктерін күшейтіп, азық-түлік бағасының өсуін тежеуге бағытталған бірқатар нақты қадамды талқылады. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын бақылау, қордан сату және өндірушілермен келісім жасау сияқты шаралар күн тәртібіне шықты.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова кеңейтілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімі 4 қаңтардан бастап күшіне енгенін және оның алғашқы нәтижесі байқалғанын айтты. Жыл басынан бері азық-түлік бағалары индексі небәрі +0,2% өсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (+0,7%) үш есе төмен болған. Сонымен қатар бұған дейін мемлекеттік реттеуге кірмеген кейбір тауарлар бойынша да баға төмендеу үрдісі байқалады.

Ресми мәліметке сәйкес, сүт өнімдері арзандаған: қаймақ 0,2%-ға, сүт 0,3%-ға, ірімшік 0,6%-ға төмендеді. Жеміс-көкөніс тобында қызанақ бағасы 1%-ға, қияр 3,7%-ға, алма 1,5%-ға арзандаған. Кеңейтілген тізімге қосылған күріш, шай, ет және балықтың жекелеген түрлері бойынша да бағаның төмендеуі тіркеліп отыр.

Сонымен бірге Үкімет бұл тізбені кеңейту уақытша шара екенін атап өтті. Нарықтағы жағдай тұрақтанған сайын баға бақылауы кезең-кезеңімен қайтадан негізгі 19 позицияға қайтарылмақ. Алайда кейбір өнімдер бағасының өсуі әлі де сақталып отыр. Атап айтқанда, күнбағыс майы, сары май және сүзбе қымбаттаған. Бұл көбіне импорт үлесінің жоғары болуына және әлемдік нарықтағы баға өзгерісіне байланысты. ФАО деректеріне сәйкес, 2025 жылы өсімдік майларының әлемдік баға индексі 17,1%-ға өсіп, соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.

Ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін Сауда және интеграция министрлігі майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығымен өнім бағасын тұрақтандыру жөніндегі меморандум әзірлеп жатыр. Сондай-ақ жұмыртқа, тауық еті, тұз және картоп өндірушілерімен де осындай келісімдер жасау жоспарланған.

Кеңесте Түркістан облысындағы әлеуметтік нан бағасының өсуі жеке қаралды. Бағаның қымбаттауына өндірістік шығындардың артуы және арзандатылған ұн тапшылығы себеп болған. Қазір жағдай тұрақтандырылып, баға қайтадан бұрынғы деңгейіне түскені хабарланды. Осыған байланысты Серік Жұманғарин Азық-түлік корпорациясына «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп өңірлердің жеңілдетілген ұнмен қамтылуын жедел талдауды және қажет болған жағдайда астықтың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Көкөніс пен алма бағасы жалпы тұрақты деңгейде екені айтылды. Қаңтарда картоп бағасы 150–170 теңге аралығында болып, бұл меморандумда белгіленген шектен аспаған. Бірақ картоп пен сәбіз экспортының артуы ішкі нарықтағы бағаға қысым түсіріп отыр. Осыған байланысты өңірлерде тұрақтандыру қорларынан көкөніс өнімдерін сату жұмыстары басталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жалпы көлемі 247 мың тонна болатын қор қалыптастырылып, соның 35,8 мың тоннасы сатылған. Кей өңірлерде өнімді қолжетімді бағамен өткізу қарқыны жеткіліксіз болғандықтан, вице-премьер әкімдіктерге ақпанның соңына дейін былтырғы өнім қорының негізгі бөлігін сатуды тапсырды.

Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігіне QazTrade компаниясымен бірге наурыз айының басынан бастап көрші елдерден ерте пісетін ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру жүктелді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін республика бойынша шамамен 6 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. Үкімет жауапты органдарға баға динамикасына қарай тұрақтандыру жоспарын қайта қарап, өзектендіруді тапсырды.

Комментарии