ҚХА-ның жаңа жоспары: Президент бірлік пен патриотизмге басымдық беруді тапсырды

Автор Асан Джалилов
54 просмотры

Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономаревті қабылдады. Кездесу барысында этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлікті сақтап қалу және жалпыұлттық бірегейлікті күшейтуге қатысты мәселелер талқыланды.

Сергей Пономарев Президентке қауымдастықтың ел ішіндегі татулықты арттыру, жастарды отаншылдық рухында тәрбиелеу бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ мемлекеттік тілді қоғамды ұйыстыратын маңызды құндылық ретінде кеңінен насихаттау ісіндегі славян ұйымдарының белсенділігі айтылды.

Кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2030 жылға дейінгі «Бірлігіміз – әралуандықта» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қауымдастықтың биылғы жоспары таныстырылды. Бұл бастамалар қоғамдық келісімді күшейтуге, түрлі этнос өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыруға және ел ішіндегі тұрақтылықты одан әрі бекемдеуге бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Президент әділдік пен баршаға тең мүмкіндік беру қағидаты Әділетті Қазақстан идеясымен тікелей сабақтас екенін айтып, ҚХА және оның құрамындағы ұйымдар қазақстандық патриотизмді нығайтуға әрдайым үлес қосуы қажет екенін жеткізді.

Комментарии