Қазақстан Еуропа елдеріне бару шарттарын жеңілдету бағытында нақты қадам жасап жатыр. ҚР Сыртқы істер министрлігі визалық саясатты ырықтандыру және халықаралық іскерлік әрі көші-қон байланыстарын кеңейту бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан 39 елмен визасыз режим орнатқан.
Ендігі басты назар — Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы визаларды беру тәртібін жеңілдету туралы келіссөздерге ауып отыр. Министрліктің түсіндіруінше, 2025 жылғы желтоқсанда Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы мен Еуропа одағы арасында визаларды беру рәсімін жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша ресми келіссөздердің алғашқы раунды өткен.
Кездесу барысында тараптар келісімдердің жобалары бойынша мазмұнды пікір алмасып, негізгі тәсілдер мен басым бағыттарды айқындаған. Бұл – Еуропаға баруды оңтайландыруға мүмкіндік беретін тетіктер нақты талқылана бастағанын білдіреді.
Тараптар өзара диалогты жалғастыруға уағдаласып, келесі консультацияларды жақын арада Астана қаласында өткізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам келіссөздің жаңа кезеңіне өтіп, виза рәсімдерін жеңілдету бағытындағы жұмыстың жандана түскенін көрсетеді.