Елімізде жаңа мектептер саны артады: 2026 жылы 90 білім ордасы салынады

Автор Асан Джалилов
135 просмотры

Қазақстанда апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында биыл 47 мыңға жуық оқушыға арналған 90 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Жаңа білім беру нысандары арнайы мемлекеттік қор қаражаты, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.

Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында бой көтереді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша мыңға жуық жаңа пәндік кабинет орнатылуда. Соңғы үш жыл ішінде жалпы саны 4320 пәндік кабинет сатып алынған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшу мақсатында 2029 жылға дейін 1300 мектепті жаңғырту көзделген. Оның ішінде 900-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Өткен жылы 209 мектепте реновация аяқталса, 2026 жылы тағы 98 білім беру ұйымында жаңарту жұмыстары жалғасады.

Реновация бағдарламасы аясында мектептерге күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттерді жаңарту, жиһаздарды ауыстыру, кітапханалар мен асханаларды модернизациялау, спорт залдарын салу немесе қайта жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қауіпсіздік жүйелерін енгізу жоспарланған.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектеп пайдалануға берілген. Жалпы соңғы үш жыл ішінде 746 мың оқушы орнына арналған 584 мектептің құрылысы аяқталған.