Қазақстанда электросамокаттар мәселесі күн тәртібінде. Тротуармен жүйткіген самокатшылар, жылдамдық шектеуін бұзу, кез келген жерде тасталған самокаттар – бұл енді тек ашу тудырмайды, нақты әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Мемлекеттік брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді:
«Біз кикшеринг компанияларына талап қоямыз: егер жылдамдық шектеуі қойылмаса – жауапқа тартылады!»
Қандай ереже бұзылып жатыр?
Электросамокаттардың тротуарда 6 км/сағ жылдамдықпен жүруі тиіс. Бірақ бұл шектеу орындалмай отыр.
Қалада самокаттар кез келген жерге тасталып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіруде.
Бір самокатқа 2-3 адам мініп жүру – жиі кездесетін заң бұзушылық.
Жасөспірімдер жиі ЖКО-ға түсіп жатыр, ата-аналары әкімшілік жауапқа тартылуда.
Заң не дейді?
2023 жылдан бастап электросамокат – көлік құралы деп танылады.
Максималды жылдамдық – 25 км/сағ.
Тротуарда – тек 6 км/сағ жылдамдықпен жүруге рұқсат.
Самокат жүргізушісі:
– 18 жастан асқан болуы керек;
– Шлем киюі міндетті (жолда);
– Жылтылдаған киім киюі керек (қараңғыда);
– Кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс.
Жаяу жүргіншілер жолағында – мінген күйінде өтпеу керек, самокатты жаяу сүйреуі тиіс.
Қандай шаралар қабылданады?
– Кикшеринг компанияларына ресми ескерту беріледі,
– GPS арқылы тротуар мен паркте жүргенде автоматты түрде жылдамдық шектеуі іске қосылуы тиіс,
– Арнайы тұрақ орындары жасалып, тәртіпсіздікке жол берілмейді,
– Халықаралық тәжірибе зерттеліп, тиімді шешімдер ұсынылуда.