Жамбыл облысының Қасқабұлақ ауылында Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Дүйсембайұлы Баймулдинов пен жергілікті тұрғындар арасында кездесу өтті.
Бұл басқосу «Елдесу және татуласу» жобасы аясында ұйымдастырылып, онда ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті арттыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында қойған міндеттерін өңір деңгейінде жүзеге асыру тетіктерін талқылады.
Кездесу барысында Ассамблея бастамаларының ел ішіндегі татулықты, сенім мен азаматтық жауапкершілікті арттырудағы рөлі атап өтілді. Қайрат Баймулдинов қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін осындай ашық диалог алаңдарының маңызын ерекше атап өтті.
Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Аббосұлы Пулатов, Жамбыл облысындағы «Барбанг» қауымдастығы филиалының төрағасы Алиев Сартиф Исманалиевич, Қасқабұлақ ауылының әкімі Жардис Исмайлович Усейнов және ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар қатысты.
Кездесу соңында қатысушылар қоғамдағы келісім мен өзара құрметті сақтау — әр азаматтың ортақ борышы екенін атап өтіп, бейбітшілік пен ынтымақты нығайту жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.