Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға берілді

Автор Асан Джалилов
8 просмотры

Стокгольм. 9 қазан 2025 жыл. Barbang Info – Бүгін Нобель қоры 2025 жылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерін жариялады. Биылғы марапат венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға берілді. Нобель комитеті марапатты жазушының «апокалипсистік үрей жағдайында да өнердің құдіретін дәлелдейтін, терең пайым мен көрегендікке толы шығармашылығы үшін» табыстағанын хабарлады. Ласло Краснахоркаи 1954 жылы Венгрияның Дьюла қаласында дүниеге келген. Бастапқыда заң мамандығы бойынша білім алып, кейін Будапешт университетінің өнер тарихы факультетін тәмамдаған. Оның алғашқы шығармалары 1977 жылдан жарық көре бастады. Жазушының туындылары көбіне антиутопиялық сипаттағы, тұйық және мағыналық бағытынан айырылған қоғам бейнесін суреттейді. Әлемдік әдебиетте Краснахоркаи есімі бұрыннан белгілі. Оның шығармалары көптеген беделді халықаралық марапаттарға ие болған. Мәселен, «Sátántangó» («Шайтан тангосы») романы 2013 жылы Рочестер университетінің әдеби сыйлығын, ал 2015 жылы Халықаралық «Букер» сыйлығын иеленді. Сол жылы қазылар алқасы жазушының «тілдік байлығы мен ерекше эмоциялық қуатын» ерекше атап өткен болатын. Жазушының кеңінен танылған туындыларына «Қарсылық меланхолиясы» (1989), «Соғыс және соғыс» (1999), «Си-ван-му осында, арамызда» (2008) романдары жатады. Ол венгр режиссері Бела Таррмен бірлесіп жұмыс істеп, шығармаларының негізінде бірнеше халықаралық фильмдер түсірілген. Соның ішінде «Шайтан тангосы» желісі бойынша түсірілген жеті сағаттық фильм әлем киносыншыларынан жоғары баға алған. Краснахоркаидің кітаптары жапон, ағылшын, француз және орыс тілдеріне аударылған. Оның орыс тіліндегі «Сатанинское танго» және «Меланхолия сопротивления» атты романдары әдеби журналдарда жарияланып, кең танымалдыққа ие болды. Жазушы жиі саяхаттағанды ұнатады. Ол 1990 жылдан бастап Моңғолия, Қытай, Босния және Жапония елдерінде болған, сондай-ақ Атлантика мұхитында саяхат жасаған. Әдеби шабыт көзі ретінде ол Толстой мен Достоевскийдің шығармаларын ерекше атап өткен. Краснахоркаи Венгрияның қазіргі саяси жағдайына сын көзбен қарайтын қаламгерлердің бірі. Кей сарапшылар Нобель комитетінің шешіміне бұл ұстанымның да ықпалы болуы мүмкін деп санайды.

Бұл марапат Венгрия әдебиеті үшін тарихи оқиға саналады. Осы уақытқа дейін түрлі салалар бойынша 16 венгр азаматы Нобель сыйлығын иеленсе, Ласло Краснахоркаи – әдебиет саласындағы екінші венгр лауреат. Бұған дейін, 2002 жылы, бұл атаққа венгр жазушысы Имре Кертес «Өлмес» («Sorstalanság») романы үшін ие болған еді.

Комментарии