Барзани Набиев: Жұмысшы мамандықтарын дамыту – Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік интеграциясының кілті

Автор Асан Джалилов
3 просмотры

Қазақстан мен Ресейдің XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында, екі ел президенттерінің қатысуымен Орал қаласында Қазақстан–Ресей Іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстандағы күрдтердің «Барбанг» республикалық қауымдастығы Халықаралық байланыстар кеңесінің төрағасы, Кеңестің қазақстандық бөлігінің тең төрағасы Барзани Набиев қатысты.

Өз сөзінде Барзани Набиев Қазақстан–Ресей Іскерлік кеңесінің қызметі экономикалық әріптестікті нығайту және мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпкерлік қауымдастық арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты тетіктерін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Кеңес бизнес пен мемлекетті байланыстыратын көпір қызметін атқарады, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, сауданы кеңейту және инвестициялық әріптестікті нығайту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге ықпал етеді. Әсіресе өндіріс пен импортты алмастыру саласындағы бірлескен жобаларға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағыттарда білікті жұмысшылар мен инженерлік-техникалық мамандарға сұраныс өте жоғары», — деді ол.

Набиевтің айтуынша, отырыстың «Жұмысшы мамандықтарын дамыту – индустрияландыру мен импортты алмастырудың кілті» тақырыбы Қазақстан мен Ресейдің экономикалық даму басымдықтарын айқын көрсетеді. Бұл тұрғыда адами капитал өнеркәсіптік өсудің және инновациялық дамудың негізгі ресурсы болып табылады.

Өңіраралық ынтымақтастық форумы дәстүрлі түрде бизнес, ғылым және мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа формаларын қалыптастыруға, өңірлер арасындағы байланыстарды нығайтуға және екі елдің тұрақты даму мен өнеркәсіптік жаңғыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыруға арналған маңызды алаң болып саналады.

Комментарии