Қазақстанда әкелердің бала күтіміне байланысты алған демалысы зейнетақы тағайындау барысында еңбек өтіліне есептелетін болады. Бұл туралы 4 ақпанда Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады. Жаңа норма әлеуметтік саясаттағы өзгерістердің бір бөлігі ретінде енгізіліп отыр.
Қабылданған заңға сәйкес, кәмелет жасына толмаған балаларға нақты күтім жасаған уақыт енді жұмыс істемейтін әкелер үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есепке алынады. Аталған өзгерістер Конституциялық соттың нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекске енгізіледі. Бұл қадам отбасы ішіндегі ата-аналардың тең жауапкершілігін заң жүзінде мойындауға бағытталған.
Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен еңбек заңнамасына тағы бір маңызды түзету енгізіледі. Енді жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-аналармен еңбек шартын бұзуға тыйым салынады. Осыған байланысты заңнамада қолданылып келген «жалғызбасты аналар» ұғымы кеңейтіліп, «жалғызбасты ата-ана» деген жаңа атаумен алмастырылады. Бұл норма жынысына қарамастан, баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Бұдан бөлек, заң жобасы аясында мәслихаттардың құзыреті де кеңейтілді. Енді жергілікті өкілді органдар типтік ережелер негізінде «Облыстың, қаланың, ауданның Құрметті азаматы» атағын беру тәртібін әзірлеп, бекіту құқығына ие болады.
Осы өзгерістер әлеуметтік әділеттілікті күшейтіп, отбасылық жауапкершілік пен ата-аналардың қоғамдағы рөлін заң жүзінде нақтылай түсуге бағытталған.