Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында жедел жәрдем қызметіне бөлінетін қаражат көбеймек. Бұл бағыттағы өзгерістер «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта көрсетілген.
Жоспарға сәйкес, жедел жәрдем қызметін қаржыландыру МСАК ұйымдарының жұмыс уақытынан тыс шақыртуларын қамтитын төртінші дәрежелі шұғыл жағдайларға байланысты шығындарды өтеу арқылы ұлғайтылмақ. Тарифтер де қайта қаралып, бір тіркелген адамға есептелетін сома 340 теңгеден 360 теңгеге дейін өседі. Бұл жедел жәрдем қызметінің ресурстарын күшейтіп, азаматтардың жүгінуіне жедел жауап қайтаруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Денсаулық сақтау министрлігі енгізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты — шақыртуларға жауап беру уақытын қысқарту, көрсетілетін көмектің сапасын арттыру және жедел жәрдем бригадаларына түсетін өсіп келе жатқан жүктемені тиімді бөлу екенін атап өтті.
Министрлік мәліметінше, тарифтердің өсуі жедел медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтіп, әрбір азаматтың шұғыл көмекке уақтылы қол жеткізу мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар ведомство жедел жәрдем қызметін жетілдіру бағытындағы жұмыстың жалғасатынын, әрбір шақыртуға кәсіби қолдаудың уақытылы көрсетілуі негізгі басымдық болып қала беретінін мәлімдеді.