Алматы. 8 қазан 2025 жыл. Barbang Info – Қазақстанда әр бесінші бала артық салмаққа ие. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов төменгі палата отырысында мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары елімізде семіздікке шалдығу деректері күрт өсіп келеді. 2024 жылы «Семіздік» диагнозы алғаш рет 9 122 адамға қойылған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 3 пайызға көп. Олардың 27 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, Қазақстандағы әр бесінші бала, әсіресе ірі қалаларда, артық салмақпен ауырады. Мәжілісмен мұндай жағдайдың басты себебі – дұрыс тамақтанбау мен қозғалыс белсенділігінің төмендігі екенін атап өтті. Оның сөзінше, арзан әрі кең тараған құрамында тазартылған қант, тұз, транс майлар, хош иістендіргіштер мен дәм күшейткіштері бар ультраөңделген тағамдар балалардың дәмге тәуелділігін күшейтіп, созылмалы аурулардың дамуына әсер етеді. Мұндай өнімдер мектеп асханаларында, оқу орындарының маңындағы дүкендерде және онлайн жеткізу платформаларында еркін сатылады. Байтілесовтың айтуынша, бұл салада тиімді реттеу жүйесі әлі де қалыптаса қойған жоқ, ал зиянды өнімдердің жарнамасы, әсіресе әлеуметтік желілерде, агрессивті сипатқа ие. Депутат шетел тәжірибесін мысалға келтіре отырып, көптеген елдерде зиянды тағамдарға ерекше таңбалау енгізіліп, оларды балаларға жарнамалауға, мектеп маңында сатуға тыйым салынғанын айтты. Сонымен қатар, «қант салығы» енгізу және салауатты мектеп тамағын мемлекеттік деңгейде қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Халық қалаулысы Қазақстанда да осындай шараларды қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда, ультраөңделген өнімдерді мектептерде сатуға тыйым салу, автоматтар мен буфеттерде олардың таратылуын шектеу, салауатты тағам өндірушілеріне салықтық жеңілдіктер беру және зиянды өнім жарнамасына қолжетімділікті азайту қажет екенін айтты.
Қазақстандағы әр бесінші бала артық салмаққа шалдыққан – депутат Байтілесов
Автор
Асан Джалилов
Автор:
Асан Джалилов 12 просмотры
12