Қазақстанда педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын заң күшіне енді. Тиісті құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Қабылданған заң архив ісін жетілдірумен қатар, құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеуге және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын іске асыру, сондай-ақ қоғам сұранысына жауап ретінде әзірленген.
Заң аясында архив ісі саласындағы құқықтық база жаңартылып, цифрлық архивті қалыптастырудың нақты тетіктері айқындалды. Электрондық архивтік құжаттарды жүргізу, сақтау және мемлекеттік архивтерге тапсыру тәртібі реттеліп, Ұлттық архив қорының құрамы жаңа құжат түрлерімен толықтырылды. Сонымен қатар мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе беру көзделіп, бұл олардың беделін арттыруға және материалдық-техникалық мүмкіндіктерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Аталған заңның маңызды бағыттарының бірі – балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде және онлайн-платформаларда педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттайтын контентті таратуға шектеу енгізілді. Бұл мазмұн заңға қайшы ақпарат ретінде белгіленді.
Құжатта «дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттау» және «педофилияны насихаттау» ұғымдарына нақты құқықтық анықтама беріліп, оларды таратуға тыйым салынды. Нормалар балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы моральдық құндылықтарды қорғауға бағытталған.
Заң арқылы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және тағы 12 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл түзетулер Неке және отбасы институтын нығайтуға, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға және өскелең ұрпақты заңсыз әрі зиянды ақпараттан сақтау тетіктерін күшейтуге негізделген.
Қабылданған заң Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау, архив саласының тиімділігін арттыру және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы мемлекеттік саясаттың кешенді жалғасы болып табылады.