Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75,9 жасқа жетті

Автор Асан Джалилов
40 просмотры

Қазақстанда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,9 жасқа жетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, елдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі — азаматтардың білім мен медицинаға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазақстанда барлық деңгейде тегін білім алу мүмкіндігі сақталып отыр. Мемлекеттік мектептерде білім беру ақысыз, ал колледждерде 150 мыңнан астам студент мемлекет қаржысы есебінен оқиды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында грант саны жыл сайын артып келеді.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер байқалып отырғанын атап өтті. 2023 жылдан бері ана өлімі 35 пайызға азайып, сәби өлімі 20 пайызға қысқарды. Бұл көрсеткіштер тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге жеткен.

Соңғы жеті жылда елімізде 1259 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 медициналық мекеме пайдалануға берілген.

Өткен жылы Астанада өңірдегі бірегей медициналық нысан – Протондық терапия орталығы ашылды. Сонымен қатар әйелдердің денсаулығын қорғауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы да маңызды нәтижелер беруде. Бағдарлама аясында экстракорпоралды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны жеті есе көбейтіліп, 1 мыңнан 7 мыңға дейін артты. Соның нәтижесінде бүгінге дейін 11 мыңнан астам бала дүниеге келген.