2025 жылы Қазақстанда балаларға көрсетілетін медициналық оңалту қызметінің қолжетімділігі айтарлықтай артты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 125 мың бала оңалту көмегін алған.
Министрлік бұл көрсеткіштің «Қамқорлық» жобасы аясында еліміздің алты өңірінде жаңа ауданаралық оңалту орталықтарының ашылуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Атырау, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Жетісу және Ақмола облыстарында іске қосылған орталықтар ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін сапалы медициналық оңалтуды қолжетімді ете түсті.
Сонымен қатар балалардың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі қолдауға бағытталған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы және 2026–2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл құжаттар балаларға арналған салалық бастамаларды біріктіретін елдегі алғашқы кешенді бағдарлама болмақ.
Арнайы жобалар да жалғасып жатыр. «Сырлы дыбыс» бастамасы аясында 2026 жылдан бастап есту қабілеті бұзылған I–III санаттағы балалар жергілікті бюджет есебінен есту аппараттарымен және аудиопроцессорлармен қамтамасыз етіледі. Ал «Ажарлы келбет» жобасы МӘМС жүйесі шеңберінде бет пен басының туа біткен анатомиялық ақаулары бар балаларға реконструктивтік және пластикалық операциялар жасауға мүмкіндік береді.