Қазақстанда балық өндірісі өсіп келеді

Автор Асан Джалилов
63 просмотры

Өткен жылы Қазақстанда 38 мың тоннадан астам балық ауланып, 12 мың тоннадан астамы аквашаруашылық арқылы өсірілді. Саладағы өсім мемлекеттік қолдау шараларының кеңеюімен және заңнамалық өзгерістермен байланысты. «Аквашаруашылық туралы» заңның күшіне енуі балық өсірушілердің мүмкіндігін арттырып, шаруашылықтардың дамуына жаңа серпін берді.

Мамандардың айтуынша, субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің енгізілуі кәсіпкерлердің бұл бағытқа қызығушылығын арттырған. Соның нәтижесінде балық шаруашылықтарының саны көбейіп, өндіріс көлемі де ұлғайып отыр. Елде республикалық және халықаралық маңызы бар жиырмаға жуық су айдыны, сондай-ақ үш мыңға жуық жергілікті көл балық өсіруге мүмкіндік береді.

2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу, асыл тұқымды балық өсіруді қолдау және су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялау сияқты шаралар қолға алынған. Биылдан бастап аквашаруашылық субъектілеріне суды жеткізу тарифінің 60–85 пайызына дейін субсидия қарастырылған. Бұл өңірлердегі тарифке байланысты облыс әкімдіктері арқылы беріледі. Жалпы алғанда, биыл салаға жергілікті және республикалық бюджеттен 5 млрд теңге көлемінде субсидия бөлу жоспарланған, өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 3,5 млрд теңге болған.

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде нарыққа шығарылатын өнім көлемі де артты. Былтыр ішкі нарыққа 18 мың тоннадан астам балық және балық өнімдері ұсынылса, биыл бұл көрсеткішті 26 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Дегенмен теңіз өнімдеріне деген сұранысқа байланысты импорт сақталып отыр. Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен жеткізілетін балық өнімдері ішкі нарықта өз үлесіне ие. Сонымен қатар елімізде форель, сазан секілді жергілікті табиғатқа бейімделген балық түрлерін көбейту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Қазақстанда балық өңдеумен айналысатын 72 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жылдық өндірістік қуаты 120 мың тоннаны құрайды. Соның ішінде 20 кәсіпорын дайын өнімді шетелге экспорттайды. Қазақстандық балық өнімдері Еуроодақ елдеріне, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей және Қытай нарықтарына жеткізіледі.