Қазақстан мен Финляндия экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді

Автор Асан Джалилов
5 просмотры

Астана. 2025 жылғы 28 қазан. Barbang Info – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндия Президенті Александр Стубб Астанада өткен «Қазақстан–Финляндия» бизнес-форумының жұмысына қатысып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту мен жаңа бағыттарды дамыту мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Финляндияны Қазақстанның стратегиялық әріптесі деп атап, екі мемлекет арасындағы сенімді және прагматикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдірді. Президенттің айтуынша, өткен жылы Финляндияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестиция көлемі 500 миллион долларға жуықтап, 80 пайызға артқан. Қазіргі таңда елімізде фин капиталының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында Wärtsilä, Tikkurila, Metso, Valtra, Peikko секілді халықаралық брендтер бар. Мемлекет басшысы форумда көлік-логистика, энергетика, минералдық ресурстарды игеру, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше тоқталды. Ол Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бағытында Финляндиямен тәжірибе алмасуға мүдделі екенін айтып, бұл салада финдік Nurminen Logistics компаниясының тиімді мультимодальды жүйе қалыптастырудағы еңбегін жоғары бағалады. Энергетика саласында Тоқаев атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және «таза энергия» жобалары аясындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның көмір энергетикасын жаңғыртуда Финляндияның Wärtsilä компаниясының тәжірибесі мен технологиялары маңызды үлес қосып отырғанын айтты. Мемлекет басшысы табиғи ресурстарды игеру тақырыбына да назар аударып, Қазақстан сирек кездесетін 34 элементтің 21 түрін өндіретінін және бұл бағытта финдік Metso компаниясымен минералдық шикізатты өңдеу мен өндірісті автоматтандыру саласындағы бірлескен жобаларды кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласында өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге арналған бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ аграрлық мамандарды даярлау бойынша тәжірибе алмасу ұсынылды. Осы мақсатта Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шығыс Финляндия университеті арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілмек. Президент Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбында да тоқталып, Финляндияның жоғары өнімді есептеу технологиялары мен LUMI суперкомпьютері саласындағы жетістіктерін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыттағы ынтымақтастық инновациялық экожүйені дамытуға және білім алмасуға жаңа серпін береді. Форум аясында қаржы және экология салалары да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы фин бизнес өкілдерін «Астана» халықаралық қаржы орталығымен әріптестік орнатуға шақырып, қоршаған ортаны қорғау саласында Финляндияның озық тәжірибесі Қазақстанның «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бастамасын жүзеге асыруға зор үлес қоса алатынын атап өтті. Өз кезегінде Финляндия Президенті Александр Стубб Қазақстан мен Финляндия арасындағы экономикалық байланыстардың жоғары деңгейін айта келе, бүгінгі форумның нәтижелері екі елдің бизнес құрылымдарына тұрақтылық пен өзара сенім әкелетінін атап өтті. «Біз құбылмалы геоэкономикалық жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезеңде бизнеске тұрақтылық қажет. Бүгінгі келіссөздер мен қол қойылған құжаттар осы сенімді нығайта түсті», – деді ол. Форум қорытындысы бойынша тараптар бірқатар меморандумдарға қол қойып, жаңа инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыруға уағдаласты.

Комментарии